09 декабря Пятница5:29
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Азаттық үшін алысқандар

Азаттық үшін алысқандар. 
Жағыпар Жанбосынұлы.
Жағыпар Жанбосынұлы.
Отан қорғау, ұлт-азаттық көтерілісі тәрізді ел тарихындағы ең ауыр күндері бар қиындықты көтеретін - жастар. Оқ пен отқа оранған қан майданда жалаңаш кеудесімен жаудың жолын бөгейтін де, елінің егемендігі үшін мыңмен жалғыз шайқасатын да - боздақтарымыз. Отарлаушы орыс патшасының 1873-жылдан 1897-жылға дейін өмірге келген қазақ азаматтарын теп-тегіс әскери қара жұмысқа алу туралы Жарлығы қозғау салған 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне де жастар жаппай қатысты. Әбдіғапар ханның әскері он тоғыз бен қырық үш жас аралығындағы қажырлы қазақ жігіттерінен жасақталды.
Торғай губернаторының 1916-жылғы 7-тамыз күні Торғай облыстық басқармасының кеңсесінде өткізген Ақмола, Торғай, Орал, Семей, Жетісу қазақтарының дербес кеңесінің мәжіліс хатында былай деп жазылған: «Қазақ халқы ешқашанда әскери қызметке шақырылған емес, жастардың барлығы мәжбүрлік жолымен әскерге барған жоқ. Жас мөлшерінің 25-буыны (19-бен 43-жастың арасы) жаппай және шұғыл түрде әскер қатарына алынған жоқ. Тіпті, әскери міндетті атқару дәстүрге айналған халықтардың өзі жекелеген әскери қызметке үлкен егер арқылы әзер мойынсынатын. Мәртебелі ағзамның 25/VІ-күнгі жарлығын орындату үшін жүргізіліп жатқан дәл қазіргі жағдайға байланысты орын алып отырған оқиғаларға ешқандай таң қалуға болмайды, жас мөлшерінің 25-буынын қамтыған әскери қызметті қазақ халқы бұрын-соңды көрген жоқ». Әкесін баласымен, ағасын інісімен бірге шетінен қозыша көгендеп, алдыңғы майдан шебіне сыпырып әкету хаупі кәрі-жастың арасында үлкен үрей туғызды. Патша жарлығына ашынып, алас ұрған жастар әскердің тамағы үшін мал жинауға шыққан Ткаченконы ұрмақ болып тұра ұмтылды. Ызалы бозбалалар Батпаққарадағы 2-орыс-ноғай дүкеніне барып, тауарларды бет-бетімен талап алып кетті. Шұбалаңда ашулы жастар Торғай қаласынан келе жатқан болысын ұстап алып өлтірмек болды. Желіккен жастар одан әрі бетімен кетіп, ұрлық, талан-тараж жасау, ұнамағандарын ұрып-соғу тәрізді теріс жолға түсіп, ел бүлінер ме еді... Егерде Төке Сүтібаев тәрізді үлкендер басу айтып, Оспан, Әбдіғапар, Кәрібоз, Қасымхандар жастармен бірге наразы бүкіл халықты бір тудың астына біріктіріп, інілеріне нақты бағыт-бағдар бермегендерінде, ашу-ызасын орыс мемлекетінің отарлау саясатына қарама-қарсы қоймағандарында. Бұл бағытта ауыл ақсақалдары, көтеріліс басшылары үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылардың көпшілігі жастар болуы тамаша ерлік істерді өмірге әкелді. Талай ауыл бозбалалары жас болса да, еліне бас боларлық азамат екендігін танытты. Он алтыншы жылдың сұрапыл дауылды күндері небары жиырма екі жастағы Жағыпар Жанбосынұлы атақты «Үрпек-Доғал»-шайқасында ғажайып қаһармандық көрсетті. Ерлік іс қашанда ақындарды толғандырмай қойған ба. Халық ақыны Сәт Есенбайұлы Жағыпарды қандыкөйлек серіктерімен бірге былайша жырға қосты:

Айранбай, Алпыс, Байқадам,
Қылышпенен жайқаған.

Өлтірді дейді он бесін,
Сырттан көріп байқаған
Найзамен түйреп сағақтан,
Түсіріпті шалқадан.
Өзгесін айтып қайтейін,
Әмірбек пен Мырзабек,
Тірілмейді қайтадан.
Жағыпардай асылды-ай,
Шынжыры қатар нәсілді-ай,
Көрсеткен күші мысалы,
Кенесары-Қасымдай!
Алдыңда ағаң болса-арқа сүйер...
Ерлік істерімен есімі ел есінде қалған жүзбасы - Жағыпар Жанбосынұлының тағдыры туғанынан-ақ күрделі болды. Әкесі - Қарторғай болысы Жанбосын 1895 жылдың күзінде қастандықпен өлтірілді. Тағдырдың бұйрығына не шара, Жанбосынның соңында екіқабат әйелі - Алуа анамыз төрт бірдей жас баласын құшақтап қала берді. Алуа асқар таудай әкесіз төрт баланы: Әбдіғапар, Садуақас, Әбдікірар, Мақышты қалай қатарынан кем қылмай тәрбиелеп шығарамын деп, бір үміт, бір күдікке толы беймаза тірлік кешіп жүргенінде 1895 жылғы қараша айында босанып, Жанбосынның шаңырағына тағы да бір ер бала дүниеге келді. Өмірде сәбилі болғаннан артық бақыт бар ма. Алуа жас нәрестені Алла тағала әкесінің орынына жібергендей сезінді. Кенжесіне Жағыпар деп ат қойғызып, ерекше жақсы көрді. Амал не, сүйген жарының қырық сегіз жасында шәйіт болған күйігі жан-дүниесін әбден күйзелтіп жіберсе керек. Жағыпарды қанша ма кеудесіне қысып, егіл-тегіл еміренсе де Алуаның емшегіне сүт келмей койды. Ақыры Жағыпарды Назым әжесінің бауырына салып, бір мезгіл өзі емізді, сосын бие сүтімен қоректендірді.
Сәби шағынан уызына жарымай, әке алақанының жылуын сезінбей өссе де Жағыпар ер тұлғалы, ер мінезді азамат болып қалыптасты. Ұлының кескін-келбетіне қатты сүйсінген анасы Алуа кей кездері: «Жанқожа атасына тартып ірі денелі болған осы құлыным ғана», - деп, мақтанып та алатын. Кей адамға ақыл мен парасаттың бала жасынан-ақ серік болатыны табиғаттың ерекше бір сыйы емес пе. Жағыпарды анасы қанша ма еркелетіп өсірсе де шолжаң қылық танытқан жоқ. Ағаларын, әсіресе, Әбдіғапарды қатты сыйлады. Әкесі Жанбосын қайтыс болғанында Әбдіғапар он бес жаста-ақ еді. Ауылдағы медіресені бітіріп, Бұхара қаласындағы дін оқуына барғалы жатқан-ды. Ойда жотқа әкесі қайтыс болды да іні-қарындастарының тұрмысына қам жеп, үйде қалды. Анасы Алуаға қолқабысын тигізді. Соңынан ерген боталарының мұсылманша сауатына ашып, білім алуына көмектесті.
Былғары қапты бердеңке
Жағыпар есейіп, ержетісімен кез-келген өнер-білім, кәсіпті үйренуге бейім тұрды. Жалмағамбет оңашада домбыра тартатын. Сондай сәттерде ағасының қасынан табылып, көп ұзамай домбырамен күй тартуды да үйреніп алды. Әбдіғапар үйленіп, алты бөлмелі үлкен қызыл үй түрғызғанда кірпіш құю, оны күйдіру, пеш салу, үй қабырғасын қиюластырып қалау жұмыстарымен әуестенді. Әлгі Әбдіғапардың тұрғызған үйі бұрын бұл жақта болмаған көрікті құрылыстардың бірі еді. Ұзыннан-ұзақ салынған қызыл үйдің ортасы үлкен дәліз. Бөлмелердің бәрі дәліздің екі жағында орналасқан. Орта тұсындағы бір бөлме ғана қонақ күту үшін әдейі кең етіп салынған. Үйдің сыртқы есігі оңтүстікке қарайды. Жағыпар далада жүргенінде үнемі өзеннің арғы бетіндегі Жалмағамбет пен Әбдіғапардың, өзеннің бергі бетіндегі Әбсадық пен Садуақастың қызыл үйлеріне қызықтап көп қарайды екен. Қайран, балалық тәтті қиял-ай. Осындайда қасындағыларға алабұртқан көңілмен: «Ертең мен де үйленіп, шаңырақ көтергенімде өзіме осындай әдемі қызыл үй тұрғызамын,»-деп, әңгіме айтатын көрінеді...
Әбдіғапардың әйелі Тынышбала әжесі мен ағасы Әбдіғалықтан естіген әңгімелерін есіне ала отырып, Әбдіғапардың немересі Қабден Қалиұлы былай дейді: «1914-жылы Әбдіғапар жаз айында Атбасар жәрмеңкесіне мал апарады. Сол жолы қасына Жағыпарды да ертіп алады. Жағыпар мал айдап апарған жігіттерімен бір-екі күн бойы базарды аралап, талай-талай тамаша заттарды көріп, таң-тамаша қалады. Әсіресе, оған мылтық сататын дүкен мен сондағы «сары орыс» қатты ұнады. Жәрмеңкеге алып барған малды пұлдап сату, түскен ақшаға қант-шай, мата, киім алу ағасы Ыбырайымға жүктелген жұмыс-ты. Бұлар ауылға қайтарда Әбдіғапар інісі Жағыпарға қарап: «ал, батырым, енді сен не аласың?», - демесі бар ма, Жағыпар ойланбастан: «Мылтық сатып алғым келеді» -деп, жауап қайтарды. Әбдіғапар: «Ер жігіттің серігі - жақсы қару», - деген. Мұның дұрыс-ақ!» -деп, інісін әлгі «сары орысқа» алып барады. Жағыпардың «сары орыс» - деп айтып жүргені ағылшын екен. Мұны кейін бір-ақ біледі. Әбдіғапар сатушыға ақырын ғана күбірлеп, бір нәрсе деген-ді, сатушы сөренің астынан сырты қоңыр былғарымен қапталған, дүмбесі қысқантай мылтықты суырып алып шықты. Былғары қабының белдігін ағытып жібергенде Жағыпар бұрын-соңды көрмеген жып-жылтыр әдемі мылтық шыға келді. Әбдіғапар: «Бұл он екі атар жапон мылтығы. Күтіп ұстасаң мұнан жақсы қару жоқ», - деді. Жағыпар енді білді, әдемі мылтықтың ақшасы да әдемі екен. Он екі атар бердеңкеге тұп-тура бір-екі жылқының құны кетті...
Жағыпардай ірі денелі жігітке қысқа да, жеп-жеңіл мылтық жүк болған ба. Көп ұзамай қаруы мұның бір қолмен ұстап ата беретін «қол мылтығына» айналды. Әуелі жансыз нысана атып, машықтаған Жағыпар кейін Жалмағамбет ағасымен аңға шығып, түлкі, қасқыр атып, жиырма жасқа толмай-ақ тәп-тәуір мерген болып алды. Бірақта көп ұзамай ататын оғы азайып, жас жігіт ағасын мазалай бастады. Соған қарамастан, Әбдіғапар ауыл адамдарын Атбасар жәрмеңкесіне жібермейтін болды. Өйткені, ол соның алдында ғана әлгі базардың бір «құлағын» ұстап тұрған Иван көпестен екі-үш жыл бұрын алған жылқысының құнын сұраған екен, саудагер ашуланып, жанжал шығарыпты. Сосын, бұлар екі арадағы қарым-қатынасты үзіп, оның соңы ренішке айналғаны соншалық, Иван көпес қыс түсе аң аулауға Жалмағамбеттің ауылына келетін әдетін қойып, Терісаққан жағына шығатын болыпты. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп деген емес пе. Бір рет Иван көпес Терісаққан қойнауына тереңірек бойлай кірген екен, із-түссіз жоғалып кетіпті... Әбдіғапар мен Иван көпестің арасындағы жанжалдан секем алғаны шығар, көп ұзамай ішінде бір тергеушісі бар 3-4 «жандарал» Жалмағамбет пен Әбдіғапардың ауылына келіп, екеуімен жеке сөйлесіп кетті. Мүмкін, осыдан кейін қауыптенгені ме, Әбдіғапар енді өз адамдарын да Атбасар жаққа емес, Қарсақпайға қарай жіберетін болды. Жағыпар ағасының алыстан ойлайтын көрегендігіне қатты сүйсініп, өзі де әрнәрсеге ойлы көзбен қарай бастады...».
Шәйіт болды көп қазақ, Үрпектегі шайқаста...
Құранқари Файзолла Сатыбалдыұлының жырлауынша, сарбаздар "Үрпек-Доғал"- соғысына кірер алдында Өмен түс көреді. Түсінде Амангелді, Жағыпар үшеуі бір үлкен ағаштың басында тұр екен. Кенет алып бір самұрық құс үшып келіп, бұларға айбат шегеді. Үшеуін де ағаштың басынан жұлып алып, төмен қарай лақтырып жіберді. Өмен мен Жағыпар тап-тақыр жерге топ етіп түсе қалса, Амангелді көкорай шалғынның үстіне барып жайғасады. Өмен түсінен шошып оянғанында қасында Бірман отыр екен, көрген түсін өзі жорып, "Аға, осы соғыстан мен тірі қалмаймын. Жағыпарда да, мен де де ер бала жоқ еді... Екеуміздің де артымыз тақырланып қалмақ. Амангелдінің соңы көк шөптей жайқалып, атақ-даңқы аспанға шығады екен", - дейді. Шайқас алдындағы түсінен қатты шошынғандықтан, Өмен Жағыпарға: "Амангелдінің бұйрығын орындап, кейін шегінейік, - дейді де. Жаужүрек Жағыпар оған көнбей: "Біз жаудың жолын бөгемесек, олар ауылдағы бала-шағаға дейін қырып кетеді", - деп, көнбейді. "Әбдіғапар хан"- дастанындағы жыр жолдарымен айтар болсақ:
Көңінде Сандыбайдың барлаушылар,
Тұр еді, бір айқасқа болып құмар.
Басшысы осы топтың Өмен менен,
Інісі Қапар ханның ер Жағыпар

- Кетейік, жүр Жағыпар, - деді, Өмен -
Түсейік жар астына біз де төмен.
-Жоқ, - деді, Ер Жағыпар - Соғысамыз!!!
(Сияқты жігіт еді бұл бір Өмен)

Үш келді хабаршылар! Қайтыңдар!,- деп,
Біріңе-бірің жылдам айтыңдар!-деп.
Бұл сөзді тыңдамады үш қайырған,
Жаужүрек, бірбет, қайсар Жағыпар бек.

Сол кезде 22-ге келіп еді,
Жасынан ерлік құрып жүріп еді.
Өмен де кете алмады оны тастап,
Боларын бір сұмдықтың біліп еді.
«Үрпек-Доғал» соғысында жазалаушылардың жолын бөгеп, шәйіт болған мергендердің толық аты-жөні әлі толық анықталған жоқ. Кейбір тарихшы, көнекөз қариялар: «Олар сексен үш адам еді» - десе, өзгелер «Жетпіс екі адам» - дейді. Республикамызға танымал ғалым-журналист Сапабек Әсіпов ағамыз «Тосқауыл» деген естелік әңгімесінде батырлардың қаһармандығын суреттей жазғанында кілең Қосжан мен Жағыпардың есімін қатар атайды. Естелік әңгімеде жан толқытарлық мынандай да сәттер бар:
«... Мергендерден тірі қалған Қосжан мен Жағыпардан басқа Әмірбек, Мырзабек, Ерман, Қыдыр, Ермағамбеттер қылыш, найзаларын оңтайлап, қолма-қол шайқасуға қамданды. Оқтың таусылғанын сезген жау батылырақ қыймылдап, жақындай түсті. Күн екіндіге еңкейген кезде үйдің төбесіне шыққан екі-үш солдаттың аяқтарынын дыбысы естілді.
- Жауыздар өрт қояйын деп, жүр, - деді Қосжан. - Қане, бауырларым қоштасайық.
Бәрі қосылып, үй ішін күңірентіп жіберді. Көзіне жас алған Қосжан мен Жағыпар:
- Жасымаңдар, бауырлар. Біздің әрқайсымыздың қанымыз ең кемі 15-20 сарбазды бүгін төнген ажалдан құтқарды. Біздің өлім - ақ өлім, - деп, қайраттандырып қояды. Басқалары бірінен-бірі құшақтарын жаза алмай:
- Қайран жарық дүние, қош бол.
- Ата-ана, арманда кеткен балаңа ақ сүтіңді кеше гөр, - десіп, егіле жылағанда үйдің төбесі шайқалып,... жер қозғалып кеткендей болды.
... Солдаттар ешнәрседен қауіп қылмай, үй-қораның жан-жағына құшақ-құшақ шөп тастап, өрт қойды. Мергендердің сәске түстен бері паналаған қорғаны көк-ала түтіннің астында қалды. Солдаттар үй мен қораны қоршап, мылтықтарын кезенген күйі түтінге тұншығып шыққандарды ұстап алуға дайындалып тұр. Іштен Жағыпардың қарлыққан ащы дауысы шықты:
- Өрттен өлгенше, жаумен жұлқысып, қылыштан өлген артық. Еріңдер соңымнан!
- Басқа амал жоқ, - деген Қосжан ағаның да дауысын құлағым шалып қалды (Шайқас куәгері Әміржан Қожахметовтің айтуынша). Екеуі бірдей далаға атылып шықты. Жағыпар жезайырдың найзасымен шаншам дегенше болмай, анау қағып жібергенде қара санынан түйрелді. Сол екі ортада бір солдат оның сол қолын қылышпен шауып түсірді. Жағыпар сабаз найзасын суырып оған оқтала бере мұрттай ұшты...».


26.09.2016 662
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA