09 декабря Пятница9:54
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Батыр, би бабаларды ұлықтау

 Батыр, би бабаларды ұлықтау. 
Ұлағатты ұрпақ парызы.
Ұлағатты ұрпақ парызы.
Әрбір ұлы оқиғалар мен тарихи тұлғалардың ізгі істерін хаттап, ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін зерттеушісі болады. Бұл сол адамның маңдайына жазылған бұйрық, ол оның бағы да, бақыты да, азабы да. Яғни, жақсы-жайсаңдарымыздың қайраткерлік қызметін, ерлік, даналығын айтып, жазып, насихаттай білсең, ең бірінші, олардың есімдері тарихта қалады. Екіншіден, өзіңнің де мәртебе, мерейің асқақтап, ел құрметіне бөленесің. Тек, сенің осы адал ниетің мен игі істеріңді теріс түсінетіндер де, одан кемшілік, қателік іздейтіндер де аз емес-ау...
Таяуда Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан менің «Тілеулі батыр, Нияз би» деген үлкен кітабым жарық көрді. Суреттерімен қоса есептегенде 920 бет. Бұл баспаға берер алдында мың ойланып, мың толғанып, 200 бетін қысқартып, кейін алып қалғандағы жаңа туындымның көлемі. Оның алдында қолжазбамды Тілеулі батырдың ұрпақтарына көрсетіп, көбісінің талқылауына салғанымда да біраз беттерін қысқартқанмын. Оқырман: «Неге тарихи тұлғалар туралы жазған шығармаңызды көп қысқарттыңыз?» – деп сауал да қояр, жауап қайтарайын.
Біріншіден, қазақ халқында Тілеулі, Нияз есімді басқа да тарихи тұлғалар баршылық. Тіпті, Тілеулі батырды Тілеу батырмен де шатыстыратындар жоқ емес. Және кейбір мұрағат құжаттарында Тілеулі, Нияз деп жазылғанымен, ата-тегі (фамилиясы) көрсетілмегендері де кездеседі. Бұл аталарымыздың деректері қызғылықты болғанымен, кім екенін әбден анықтап, толық біліп алғаннан кейін ғана әлгі құжаттарды баспасөз беттерінде, келешекте тағы да Тілеулі батыр, Нияз би туралы жарық көретін кітаптарымда жариялауды жөн көрдім. Және де бұл бабаларымыз жөніндегі бірқатар аңыз әңгімелерді де ел тарихын білетін бауырларыма көрсетіп, пікірлерін біліп барып, пайдалануды ұйғардым.
Себебі, кейбір аңыздардағы оқиғалар басқа да батыр, би болған бабаларымыздың өмірінде орын алған істерге ұқсас. Әрине, мендегі аңыз әңгімелер алпысыншы, жетпісінші жылдары қағаз бетіне түскен естеліктер мен шежірелерде де жазылған. Соған қарамастан, тағы да таразыға салып, талқылаудан өткізуді жөн көріп отырмын.
Менің Тілеулі батыр, Нияз би туралы шығармашылық ізденіске түсуіме әубаста мынандай жағдайлар себеп болды. 1990 жылы Қазақ теледидарының Торғай облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеп жүргенімде Кейкі батыр туралы хабар дайындап, Родник кеңшарында тұратын Құсай ақсақалмен кездесіп, ол кісіні мерген шәйіт болған жерге алып барып сұхбаттастым. Сонда көпті көрген, ғасырға жуық өмір сүрген ақсақал менімен жөн сұрасып, ата-тегімді білген соң ұлы атам Сығай батыр жөнінде әңгімелер айтты да өз аталары туралы да талай қызықты әңгімелерді ортаға салды. Сонда мен Тілеулі батыр, Нияз би туралы талай ақиқатты естіп, олардың ерлік істері мен шешендік сөздеріне таң-тамаша қалдым. 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін Амангелді батырмен бірге Әбдіғапар Жанбосынұлының да басқарғаны хақында қызықты әңгімеге қанықтым. Көп ұзамай республикалық теледидардың «Қазақстан» бағдарламасынан екі күн бойы «Кейкі халық жауы ма?» деген тақырыпта арнайы хабарым беріліп, республикалық газет бетінде де Кейкі батыр туралы зерттеу мақалам жарияланды.
Сол күндердің бірінде мені Арқалық педагогикалық институтындағы Ыбырай Алтынсарин мұражайының қызметкері Шаймерден Сейдақов іздеп тауып, менімен институт оқытушысы Ақмолда Қамзаұлы Ахметовтің кездескісі келетінін жеткізді. Бұл кісіні сырттай білетінмін. Алуа кеңшарында тұратын Қылышбай дейтін ағайым оны үнемі мақтап отыратын-ды. Содан, институтқа іздеп барып, таныстым. Ағамыз «Әбдіғапар Жанбосынов туралы мақала жазасың ба?» – деді. Мен ол кісі туралы деректі құжаттарды таба алмай жүргенімді айтқанымда, қолындағы қағаз папканы маған ұсынып: «Бұл Әбдіғапар ханның немересі Қабден ағаңның Ресейдің мұрағатынан іздеп тапқан құжаттарының көшірмесі. Бір данасы Алматыда Манаш Қозыбаевта, екінші данасы Арқалықта облыстық «Торғай таңы» газетінде. Алайда ешқайсы да жариялауға асығар емес», – деді. Сол жерде-ақ құжаттармен танысқанымда, бәрінің де құнды деректер екенін түсініп, тілшілер қосынына бардым да жазуға отырдым. Көп ұзамай «Он алтыншы жыл» деген тақырыпта республикалық «Халық кеңесі» газетінде көлемді зерттеуім бірнеше нөмірге бөліп жарияланды. Алматыдан Қабден ағамыз телефон соғып, ризашылық сезімін білдірді.
1995 жылы Торғай өңірінде Әбдіғапар Жанбосынұлының туғанына 125 жыл толатыны салтанатты түрде атап өтілетін болып, Әбдіғапар ханның ұрпақтарынан газет бетінде жарияланған мақалаларымды толықтырып, кітап жазуға ұсыныс түсті. Оны да үйге келіп айтқан Ақмолда ағамыз. Енді сол күннен бастап маған ағамыз тыныштық берген жоқ. Мен кітаптың бірнеше бетін жазып, жазу столыма қоямын да, республикалық «Халық кеңесі» газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі ретінде іс-сапарға кетемін (сол кезде республикалық теледидардан осы газетке жұмыс ауыстырғанмын). Ақмолда аға үйге келеді де, жазғандарымды оқып: «Тездет, толықтыр. Әлі аз», – деп сәлем-хатын қалдырып кетеді. Әйтеуір, бір күні кітап та әзір болып, қазіргі Астана қаласына Алматыдан Қабден аға да келіп, мен қолжазбамды арқалап, іздеп барып көрсеттім. «Оқып, танысайын, бір-екі күннен кейін кел», – деген соң қаладағы жұмыстарымды бітіріп, мейманханадағы Қабден ағамызға соқсам, қолжазбамдағы Амангелді туралы жазылған жерлердің бәрін қарындашпен сызып тастапты. Неге олай жасағанын сұрасам:
– Осы уақытқа дейін 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін Амангелді Иманов басқарды деп жазылып келді ғой. Амангелді туралы шығарылған кітап та, мақалалар да аз емес. Енді Әбдіғапар туралы кітапта тағы да Амангелдіні жазамыз ба? – деді маған қабағын түйіп. Мен хан мен сардарды бір-бірінен бөлмей-ақ қоялық деп айтып көріп едім, тыңдамады. Сонан соң:
– Аға, осы Амангелді көтерілісте кім болған? – деп әдейі сұрақ қойдым. Ол:
– Білмейсің бе? – деді таң-тамаша қалып. Мен жорта:
– Білмеймін, – деп жауап қайтардым. Қабден аға:
– Амангелді көтерілісте сардар болып, сарбаздарды басқарған, – деді.
– Оны сардар етіп кім тағайындаған?
– Е, оны сардар етіп тағайындаған Әбдіғапар емес пе?
– Сонда Әбдіғапар Амангелдіні сардар етіп қате тағайындаған ба? Амангелді шын мәнінде жаман адам болса, Әбдіғапар оны сардар етіп тағайындар ма еді?
Қабекең үн-түнсіз отырып қалды да, бір кезде ішек-сілесі қата күлді. Сосын қарындашпен сызғандарын өшіргішпен өшіруге кірісті. Тек, кітаптың сүйінші данасы дайын болғанында мен біраз әріп қателерін көрсетіп, түсіп қалған түзетулерді қайта енгізуді ескертіп, оны баспаханаға тапсырғанмын. Сол түзетулер дұрысталатын күні Арқалықтан Астанаға келіп, баспаханаға барсам, Қабекең тағы да бір рет бастан-аяқ қарап шықпай, кітапты басып шығаруға рұқсат беріп, қолын қойыпты...
Ал енді «Тілеулі батыр. Нияз би» атты кітапты жазуыма тағы да Ақмолда аға ұйытқы болды. Ол бір күні өзіне шақырып алып: «Тілеулі батыр, оның 9 әйелінен туған ұрпақтар туралы кітап жазу, шежіресін құрастыру оңай болмас. Біз әуелі Нияз би туралы шағын кітапша шығарсақ қайтеді?» – деді. Мен келісімімді бердім де, зерттеу жүргізе бастап едім, Тілеулінің барлық ұрпақтары жөніндегі деректерді, шежірелерді тауып, Ақмолда ағаға «Тілеулі батыр. Нияз би» деген кітап жазсам, баспадан шығаратын қаржы таба аламыз ба, деп сауал қойдым. Ағамыз: «Тілеулінің ұрпақтары қалың ел ғой, қажетті қаржысын тауып, кітапты шығарамыз», – деді. Алайда, кейін кітаптың бар шығынын жалғыз өзі көтерді. Оның сыртында тағыда өз қаржысымен Нияз биге, Әбдіғапар ханға күмбезді ақ кесене салуды ұйымдастырды, Мұса Ахметовтің «Тілеулі батыр» атты қалың жыр жыйнағын да шығарды, Қостанайда бой көтергелі жатқан Қобыланды батыр ескерткішіне қаржылай демеушілік жасады. Айтыңыздаршы, кім осылай ұлы бабаларын ұлықтауға ұйытқы болып жүр?
Кітап жазу барысында Ақмолда ағаның демеушілігімен бір рет Орынбор қаласындағы мұрағатқа барып қайттым. Екінші жолы Орынборға, сосын Омбыға өз қаржыммен барып, біраз зерттеу жүргіздім. Алматының да мұрағатында жұмыс істедім. Кітаптың алғашқы нұсқасы дайын болғанында үш дана етіп жасаттым да, Ақмолда ағаға, Серікбай Тапаевқа, Әбілқас Нұрлыбайға апарып беріп, оқытып алдым. Жезқазған қаласына да барып, Тілеулі батырдың ұрпақтарына көрсеттім. Тілеулі батыр ұрпақтарының шежіресін құрастырғанымда Қазақстан ғылым академиясындағы Жағыпар Ермұхамедовтің, Әуезхан Мұсабаевтың, Советбек Бөлегеновтің, Байбосынның, Жиентай Ділдебайұлы мен Шайхы Смағанбетовтың, Смағұл Жанғозыұлының, Қасымбек Жақанұлының шежірелеріне арқа сүйедім де, оны әркімнің өз әулеті жөнінде жазып берген шежіре-деректерімен толықтырдым. Алайда кейін: «Біздің ру менің атаммен басталуға тиісті» – деп еш негізсіз, барлық шежірені теріске шығарып, «Тілеулі сенің атаң емес», – деп үш жүзге ортақ ұлы тұлғаны бір рудың ғана батыры санап, қызғанған, қиястық танытқан да замандастарым болды... Мұның бәрі жүрегіме ауыр жүк түсіріп, мені өте ыңғайсыз да жағдайға қалдырды.
Әубаста, мен «Тілеулі батыр», «Нияз би», «Тілеулі батырдың ұрпақтары» деген үш кітапты жазып бітіріп, жарыққа шығарғым келген-ді. Алайда Тілеулі батырдың ұрпақтары асықтырып, Ақмолда аға да: «Аталарымыз жөнінде әуелі бір кітап шығарайық, сосын толықтыра жатарсың», – деген соң осы кітабымды Ақмолда ағаға тағы да бір рет қаратып алдым да, баспаға тапсырдым.
Кітаптың жазылу барысында деректер жинауыма, шежіре түзуіме көмектескен де бауырларым болды. Бәріне де кітабымда алғыс сезімімді білдірдім. Ал көптеген замандастарым үйге, жұмысқа келіп әңгіме-дүкен құрғаннан басқа, өз әулеті жөнінде жазылған деректерді де оқып толықтырып, түзетіп, көмектесуге ниет білдірген жоқ... Неге екенін түсінбедім.
Бұл кітап біздің Тілеулі батыр, Нияз би бабаларымыз, олардың ұрпақтары жөнінде жазылған тұңғыш туынды. Келешекте ол үш томдық кітапқа айналғанында, тағы да толықтырылып, жаңартылады. Қате жерлері болса түзетіледі. Сол үшін де мен өз қаржыма «Тілеулі батыр ұрпақтарының шежіресі» деген қосымша кітапша шығарып, бауырларымның қолдарына ұстатудамын. Жалғыз-ақ, шежіреде «ұж» деген сөз – «ұлы жоқ» немесе «ұрпағы жоқ» дегенді, (қызы) деп жазып көрсетілгені ұрпағы мүлде жоқ емес, қыздары бар дегенді білдіретінін дұрыс түсінгейсіңдер. Біз шежірені құрастырғанымызда көп адамның қыздарының есімін білмегендіктен, жақшаның ішінде былай: (қыз) – деп жазғанбыз. Кейін бәрінің де аты-жөнін анықтап, қыздарды да шежіреге қостық. Алайда кейбір жерінде қызы бар екенін ескертіп тұрған бірен-саран жақшалар, жақша ішіндегі (қыз) – деген сөздер алынып тасталмапты. Шежіреде адам атынан кейін жақша ішінде «ұж» деген сөздің – «ұлы жоқ» немесе «ұрпағы жоқ» деген мағынаны, жақша ішінде «қыз» деген сөздің – «қызы бар» дегенді білдіретінін түсінбейтін, түсінгісі келмейтіндер болса, бірқатар шежіреде қыздар кірмей, ұлдары жоқ болса, жақша ішінде дөңгелек нөл белгісі салынатынын оларға ескертеміз.
Біз білеміз, бүкіл қазақ халқына арналған үлкен шежіреде қыздардың аты-жөні жазылмайтынын. Бұл кітап Тілеулі батырдың ұрпақтары бірін-бірі білсін, бір-бірімен араласып, ынтымағы жарасқан ел болсын деген ниетпен жазылғандықтан, қыздарды да шежіреге енгіздік. Ол үшін айыптамассыздар, ағайын.
«Тілеулі батыр. Нияз би» атты кітап бабаларымыздың аруағы риза болсын деген мақсатта өмірге келді. Мен бұл кітапты жазарда Тілеулі батыр ұрпақтарынан қаламақы сұраған жоқпын. Кезінде «Әбдіғапар хан» атты кітабымды да еш қаламақысыз, аруақ риза болса жетеді, деген ниетте жазып бергенмін. Және де бұл кітаптың мәтінін компьютерде басу, әріп қателерін түзету, суреттерін өңдеп, орналастыру, кітапты беттеу, дизайнын жасау тәрізді толып жатқан жұмыстарының бәрі де тегін жасалды. Ал баспахана бір ғана кітапты беттеу жұмысына 600 мың теңге қаржы сұраған-ды...
Ендігі мақсат, осы кітап негізінде 3 томдық «Тілеулі батыр», «Нияз би», «Тілеулі батырдың ұрпақтары» деген үлкен еңбекті жарыққа шығару, ол үшін Тілеулі батыр туралы тарихи құжаттардың шеті шығып отырған Мәскеудегі, Санкт-Петербургтегі мемлекеттік мұрағаттарға барып зерттеу жүргізбекшімін. Мақтаралдағы Әбдіғапардың анасы Алуаның, Қостанайдағы Рүстемнің жары Кәтездің, Өзбекстандағы Әбдіғапардың әйелі Тынышбаланың, қызы Үмияның бейіттерін тауып, басқа да қалың елге танымал Тілеулі батыр ұрпақтарының асыл сүйектері қайда жерленгені жөнінде деректер жинамақшымын. Бұл істе Тілеулі батыр ұрпақтары көмектескісі келсе, қарсылығым жоқ.


29.08.2016 770
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA