08 декабря Четверг3:49
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Батыр қыздар баяны

Батыр қыздар баяны. 
Амазонкалардан басталады.
 Фото: slavyane.org
Амазонкалардан басталады.
Сақ, ғұн, қыпшақтарда қолына қару ұстап, тұлпар мінген, елі мен жерін жаудан қорғаған, сүйген жары – батыр, хан, сұлтандарға жорықтас серік болған қаһарман қыздар аз емес. Түбі бір түркі халықтарында атақты Томириске (тұмар ханым, шамамен б. з. б. 570–518) дейін де, одан кейін де жаужүрек батыр қыздардың талай ерлік істер жасап, есімдерінің тарихта алтын әріптермен жазылып қалғаны ақиқат. Тек нәзік жандылардың батырлық символы – амазонкалар туралы қазір көп айтыла бермейді. Ал, Дешті Қыпшақ даласында жауға шапқан арулар амазонкалардың тегі бір сіңілілері болатын...
Рас, бұрындары амазонкалар туралы аңыз әңгімелерде қызықты хикаяттар сыр етіп шертілетіндіктен, оған миф деп қарап, олардың тарихта шын мәнінде болғанына сенбедік. Амазонкалардың тұрмысы мен әдет-ғұрыптары жазба деректерде молынан кездессе де оны терең зерттеп, талдауға көңіл бөлмедік. Амазонкалар мен қазақтың жоңғарлармен шайқасқан қайсар қыздарының арасындағы ұқсастық, тарихи, генетикалық байланыс қазір де толық сарапталып отырған жоқ.

Амазонкалар – жауынгер әйелдер
Амазонкалар – ежелгі грек мифтеріндегі жауынгер әйелдер. Бұрын олардың өмірде болғандығына дәлел, дерек, құжаттар болмаса, кейінгі кездегі археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер амазонкалардың тарихта болғандығын айғақтап отыр. Дәйекті болжамдарға сенсек, Қара теңіздің оңтүстік шығыс жағында, Кавказ, Трапезунд, Азу теңізі маңында өмір сүрген көрінеді. Тіл мамандарының түсіндіруінше, кейбір деректерде амазонка сөзі «омыраусыз, емшексіз» деген мағынаға ие. Себебі, «қару-жарақ ұстауға қолайлы, әсіресе, садақ тартуға ыңғайлы болсын деп, жас шағында қыздардың оң жақ омырауын күйдіріп немесе кесіп тастайды екен...
Амазонкалар жауынгер, ержүрек әйелдер болғандықтан, шапқыншылық жасап, жорықтарға шығып, бірте-бірте Қара теңіздің солтүстік жағалауына, Кіші Азияға, Фракия мен Аттикаға, Африканың оңтүстігіне дейін барып, көп жерді бағындырады. Страбо олар жөнінде былай деп жазып қалдырған: «Амазонкалардың негізгі қаруы – жақ, садақ, ай пішінді қалқан болған. Дулығасынан бастап бүкіл киімдері аң терісінен тігілген. Садақты алға да, артқа да бірдей ататын мерген болған». Қазақтың әйгілі әдебиетшісі Ә. Қоңыратбаев қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпосы мен грек мифтеріндегі амазонкалар арасында ұқсастық бар деген де болжам айтқан-ды...
Тарихи деректерде амазонкалардың бас қаласы Фермадонт өзені жанында орналасқан Фемискира қаласы екендігі баяндалады. Бұл қазіргі Түркиядағы Трабзон мен Синоп өзендерінің арасындағы жер. Амазонка тайпасы жөнінде екі аңыз әңгіме көптен айтылып, жазылып келеді. Бірінші аңызда Гераклдың тоғызыншы ерлігі амазонкалар патшайымы Ипполитаның белдігін алуға баруымен байланысты ғой. Екінші аңызда Тесей Фемискараға келіп амазонкалардың біреуін өзімен бірге Афинаға күштеп алып кетеді. Оған ашынған амазонкалар Тесейдің соңынан қуып келіп, Аттикаға басып кіреді, жойқын шабуылмен афиндықтарды жеңіп, жаулап алады. Алайда тұтқындағы қыз – амазонка Тесейден екіқабат болып қалған екен. Соған қарамастан, Тесей жүкті амазонканы тастап, Федраға үйленуді ойлайды. Тұтқындағы амазонка той мерекесін өткізбеуге ниеттенгенінде Гераклдің қолынан қаза тауып, мақсатын жүзеге асыра алмайды...
Амазонкалар жөнінде әңгіме көп. Тіпті, «Илиадада» амазонкалардың Ахилл жаугер әйелдердің патшайымы Пенфесилияны өлтіріп, оларды әскери рухтан айырғанша, гректерге қарсы Троямен соғысқаны баяндалса, Стробон амазонкалар туралы тағы да былай деп жазады: «Әйелдердің әскері, немесе қаласы, немесе бүтіндей ұлысы ұйымдасқан түрде еркексіз тұра алатынына кім сенеді? Олар тек қана ұйымдасқан емес, сонымен қатар жат жерлік мемлекеттерге шапқыншылық жасап, қазіргі Ионияны мекендеген көршілерін бағындырып, теңізден асып, Аттикаға дейін жорық жасауы мүмкін бе? Бұл еркектердің сол кезде әйел, ал әйелдердің еркек болғандығы жайындағы тұжырыммен тең». Яғни, амазонкалар одағы «Әйелдер билеген ұлыс» – etnos gynaikokratoumenoil» болды. Мұнан туатын қорытынды: бұл ұлыстың әйелдері туған ұлдарынан бас тартып, тек соғыспен айналысқан. Ұл бала туса өлтіріп, қыздарын болашақ жауынгер ретінде тәрбиелеген. Балалы болу үші көршілес скиф тайпасының жігіттерімен жыл сайын екі-ақ бірге тұрып, жүкті болып отырған.
Бірқатар ғалымдардың пікірінше, кезінде көне герман тайпалары мен шығыс халықтары соғысқа қатысу үшін еркектермен бірге әйелдерді де тартқан көрінеді. Әйтеуір, амазономахия – амазонкалармен шайқас – жаугер қыздары кентаврлармен соғыста жиі бейнелейтін грек өнерінің бір сүйікті тақырыбы болғаны рас. Мұнда амазонкалар жалаңаштанған бір омырауымен көрінеді. Ал енді б. з. б. І ғасырда өмір сүрген Дидар Сицилийский амазонкалар Кіші Азияны емес, Ливияны мекендеген деп санаған.
«Великая степь в античных и византийских источниках» деген кітапта (Сборник материалов. Составление и редакция А. Н. Гаркавца. Алматы, 2005): «Биіктігі жұлдыздармен таласқан асуды асып, ат жолына түссең, еркектерге ерекше қас амазонкалардың әскеріне тап боласың», – деп жазылған. Мұның бәрі жазбаша деректер болса, археологиялық қазба жұмыстары кезінде Қара теңіз жағалауынан амазонка мүсіні, Солтүстік Кавказ бен Орал аймағындағы қорғандардан әйелдерге арнап жасалынған қанжар тәрізді қару-жарақтар, қорамсақ толы жебемен бірге жерленген жас қыздардың сүйектері табылады. Дәл осындай тарихи жәдігерлер осы аймақтағы сарматтардың қорған, молаларынан көп табылғандықтан, амазонкалардың жауынгер халық сарматтардың аналары екендігі туралы болжам, ғылыми қорытындылар тіпті нақтылана түсті.

Амазонкалар – сарматтардың анасы ма?
Атақты Геродоттың соңында «Тарих» атты кітабы да қалған. Соның ІV бөлімінде грек аңыздарына арқа сүйеп, амазонкалардың Қара теңіз бен Азу (Азаулы, Азов) теңіздерінің жағалауына қалай келгені хақында жан-жақты сыр толғайды. Яғни, гректер амазонкаларды Фермадон өзенінде (Кіші Азия) жеңіп, тұтқынға алады да, үш кемемен ашық теңізге шығып, Грецияға беттейді. Жолай амазонкалар өздерін тұтқындап алып келе жатқан гректерді түгелдей қырып тастайды. Жалғыз-ақ кемені басқарып, жүргізе алмағандықтан, ол желмен ығып, теңізде әрі-сәрі жүзіп, қайраңға батады да, амазонкалар скифтердің жерінен бірақ шығады. Жағаға жеткен соң амазонкалар жауынгерлік қалпымен жылқы табындарын қолға түсіреді де, скифтердің еліне шауып, оны тонай бастайды.
Скифтер тосыннан мұндай батыл да батыр жауынгер дұшпанның қайдан келгенін, үстеріндегі киімдеріне орай оларды қандай халық деп тануға болатынын білмей, аң-таң қалады. Әрі тілдері де тым түсініксіз. Енді скифтер жауларын зерттеуге кіріседі, өлген амазонкалардың мәйітін ашып көреді. Сөйтсе, бұлар әйелдермен соғысып жүр екен. Скифтер енді амазонкаларды өлтірмей, олармен тату қарым-қатынас орнатуды көздеп, жас жігіттерді аттандырады. Бұлар өз қостарын амазонкалардың қостарына тақау жерге тігіп, таныса бастайды. Геродоттың жазуынша, сонда «Ерлер (скиф жігіттері. – М. С.) әйелдердің (амазонкалардың. – М. С.) тілін үйрене алмады, бірақ әйелдер ерлердің тілін үйреніп алды». Сол жерде скиф жігіттері амазонкаларға: «Біздің елге барып, бірге тұрайық», – дегенде, әлгілер: «Біз скиф әйелдерімен жараса алмаймыз. Егерде сендер біздерді әйелдікке алғыларың келсе, әке-шешелеріңнен еншілеріңді алып, қайтып келіңдер, сонан соң барып бірге тұратын боламыз», – дейді. Скиф жігіттері оған келісіп, Танаис өзеніне, Азу теңізінің солтүстігіне келіп орналасады. Содан скифтер мен амазонкалардың некесінен савроматтар пайда болады. Соған байланысты Геродот былай деп жазады: «Осы ықылым замандардан бері, савромат әйелдері қазіргідей өмір сүріп келе жатыр, күйеулерімен тіпті оларсыз-ақ салт атпен аңға шығады, соғысқа күйеулері қалай киінсе, олар да солай киінеді. Савроматтар скиф тілінде сөйлейді, себебі амазонкалар скифтердің тілін толық меңгере алған жоқ. Некеге тұру заңы бойынша, бір де бір қыз жауын өлтірмей күйеуге шыға алмайды. Кейде әйелдер қыз күйінше қартайып өледі, себебі мұндай міндетті орындай алмайды» (Геродот, История в девяти книгах. Пер. И прим. Г. А. Стратановского. Л. 1972. 599 с.).
Атақты Скилак (б. д. д. ІV ғ.) сарматтарды «әйелдер басқаратын тайпа» деп, Эсхил дастандарында (б. з. д. 525-456 жж.) «еркектерге жау амазонкалар жасағы» туралы бірнеше рет айтып өтсе де, Климент Александрийский (б. з. 150–24/220 ж.): «мен әскери іспен еркектерден кем айналыспайтын савромат әйелдерін білем, ал сақ әйелдері туралы көп құнды деректерді жазып қалдырған Гиппократ (б. з. д. 470–376 жж.). Данагөйдің соңында жазып қалдыруынша, сарматтардың әйелдері (амазонкалар) салт атқа мініп шабады, садақ тартады, шолақ найза лақтырады, кемінде үш жауын өлтірмей оларға күйеуге тию жоқ... Және олардың тағы бір ерекшелігі, сәби кезінде шешелері қыздарының оң жақ омырауы өспесін деп, оны ыстық мыс құралмен күйдіріп тастайтыны. Сонда оң иық пен оң қолдарының күші артады екен.
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабынан (Алматы, 2005, 7 том, 560 бетте): «Сарматтар – көне дәуірде Қазақстанның батыс өлкелерін, Оңтүстік Орал алқаптарын мекендеген, үлкен тобы Еділден батысқа қарай өтіп, Солтүстік Қара теңіз өңірлерін жайлаған тайпалардың шартты атауы. «Сарматтар», «Сарматия» сияқты атаулар антик дәуірінің жазба деректерінен келген және көптеген тайпалар мен олардың одақтарына таңылатын жалпылама ұғым болып табылады. Грек деректерінде сарматтар біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырдан, яғни олардың Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Орал өлкелерінен батысқа қарай жылжуы басталған кезден бастап кездеседі. Осы кезде, яғни б. з. б. 339 ж., Қара теңіз скифтерінің атақты патшасы Атей өліп, бұдан соң Скифияда үлкен саяси-экономикалық дағдарыс қалыптасады. Ғылыми тұжырымдамалар скифтер мемлекетіндегі осы қиындықты пайдаланған сарматтардың шығыстан жылжыған түрлі топтары үнемі соғыса отырып скифтерді түпкілікті талқандағанын көрсетеді. Б. з. б. ІІ ғасырға қарай Қара теңіз скифтерінің патшалығы аумағында сарматтар билігі орнайды. Соғыс өнерін жетік меңгерген сарматтар Риммен әскери қақтығыстар жасап отырады. Император Август тұсында жасалған Рим әлемінің картасындағы 24 облыстың 9-ыншысы «Сарматия» деп аталған. Страбонның «Географиясында» (б. з. б. 65 ж. – 25 ж.) языг, роксолан, аорс, сирак сияқты сармат тайпаларының аты беріледі. Қазіргі ғалымдар алдыңғы екеуін еуропалық, ал кейінгі екеуін азиялық Сарматияға жатқызады».
Ия, ертеде, әсіресе сармат заманында әйелдер ерлермен бірдей дәрежеде өмір сүрді: аңға да шықты, жаумен де шайқасты, асау тұлпарларды ерттеп мініп, аттарына айналдырды, ел алдында сөз де, қол да бастады, кейде еркектерден де атақ-даңқы, дәрежесі, билігі асып түсіп жатты, оларды ешкім де қолынан түк келмейтін нәзік жан – әйел деп кемсіте алмады. Керісінше, амазонкалардың еркек емес, әйел екендігі хасқақ естілді, алдаспан мен садақ асынған арулар өздерінің әйел боп туғанын мақтан тұтты, еркек болып тумағанына қуанды...


16.08.2016 799
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA