09 декабря Пятница9:51
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Оның тағамдық, шипалық қасиеті

Оның тағамдық, шипалық қасиеті. 
Ежелден-ақ көп халық ара балының таңғажайып күш-қуатын, емдік қасиетін біліп, оны кеңінен пайдаланған. 
 Фото: split-feed.com
Ежелден-ақ көп халық ара балының таңғажайып күш-қуатын, емдік қасиетін біліп, оны кеңінен пайдаланған. 
Ара бал арасы, сары ара, есек ара деп үшке бөлінсе, солардың ішінде бал арасының тіршілік құбылысы, жұмыс тәртібі – таңғаларлық жүйеге құрылған. Аралардың әр үйінде 10 мыңнан 100 мыңға дейін, тіпті одан да көп аралар болады. Халық емшісі Сейітқамза Қалиев ара балының шипалық, тағамдық қасиеті жөнінде былайша ой толғайды:
Балдың химиялық құрамы өте күрделі. Аралар бал құрамын байыта түсу мақсатында жұмыс түрлерін өзара бөліп алып, аса ұқыптылықпен атқарады. Олардың әкелген өнімін тексеріп қабылдайтын күзетші аралар. Жұмысшылардың ішінде кейбіреулері жалқаулыққа салынып, белгіленген мөлшерден аз әкелсе немесе өзіне тапсырылмағанды істеп, тапсырмадан ауытқыса, ол міндетті түрде жазаланады...
Жұмысшы аралар бал беріп қана қоймай, адам ағзасына аса қажетті, емдік қасиеті мол ара желімін (оны ел ішінде ара сіргесі деп те атайды, орысшасы – прополис), ара сүтін, балауыз береді. Мұндай ара өнімдері халықаралық саудада алтынға бағаланады. Қазіргі ғылыми медицинада ара желімі күйік пен үсікке, іш құрылысы ауруларына аса бағалы дәрі ретінде қолданылады. Қазірге дейін ара сүтін ауыстыратын ештеме табылмағаны оның өзгеше қасиетін айқындаса керек. Ара сүті құрамында ақуыз, көмір қышқылы, май, минералды тұздар, ферменттер, дәрумендер, май қышқылы, тағы басқа химиялық қосылыс заттар жетерлік.
Адамдар ерте заманда-ақ ара балының тағамдық қасиетіне ғана мән беріп қоймай, оның дәрілік-шипалық ерекшелігіне де айрықша ынта қойған. Қажетті жерінде ұтымды пайдаланған. Рас, оны қолда ұстап асырау жайында көшпелі ғұмыр кешкен халқымыздың жазба деректерінде ұшыраспағанымен ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан ауызша өсиетке қарағанда өзіндік әдіс-тәсілі болған. Мәселен, қалың ормандарда, жартасты тауларда топтанып ұшқан араларға қамқорлық жасап, белгілі бір орында тұрақтап бал жинауына мүмкіндіктер жасап отырған. Ара ұя салған жартастардың төбесін жауып, ылғал мен желден қорғайды. Өзегі шіріген жуан ағаштардың ішін тазалап, кеуек жасайды. Соған араның ұясын апарып қояды. Жаз жайлаудағы қазақтар осындай жерлерден шелектеп бал алатын болған.
Бал ежелгі Мысыр мен Шығыс медицинасында бағалы дәрі ғана емес, өңіңізді жасартатын зат және тез бұзылатын тағамдарды ұзағырақ сақтауға көмектесетін қорғаушы нәрсе ретінде пайдаланылған. Ал қазақтар көшпелі тұрмыстың ыңғайымен қысқа арнаған сары майды шілденің ыстығында балға орап сақтаған.
Жер бетіндегі өсімдіктер тіршілік атаулыға нәр болып ауысып, ғұмыр сыйлап отырса, сол мың түрлі өсімдіктің гүлшырынын тозаң түрінен жинап қоспа жасап отырған ара өнімін алхимияның атасы деуге болады. Бір қызығы, адамдар жасаған алхимия өнімдері тірі организмнің біреуіне пайдасын тигізсе, екіншісін бүлдіріп жатады. Ал араның өнімі керісінше, қандай бір ауруға болмасын емдік қасиеті мол. Өйткені оның құрамында адам ағзасына аса қажетті отыздан астам химиялық элементтер бар. Кез келген тіршілік иесінің дене құрылысы өзінше химиялық элементтер қосындысынан тұратыны белгілі. Бірақ олар үздіксіз қызмет үстінде болғандықтан белгілі мөлшері желініп таусылатыны тағы бар ғой. Жаратылыс заңы бойынша күнделікті қоректік тағам құрамынан ағзаңыз іздеген қажетті затты таба алмады делік. Осыдан барады да әлсіреген ағзаның күші сарқыла бастайды. Ол енді өзі құлап бара жатып, қасында тұрған екінші ағзаға жабысады. Оған да ауыр салмақ түседі деген сөз. Бұған дейін әр мүшеңіз өз қажетін өзі тауып, өзара тепе-теңдікті сақтап тұрған болса, енді ол бұзылады. Осы бұзылған жерден ауру енеді де сырқатты қоздырады. Оны дер кезінде емдеп, жоқтың орнын толтырып үлгермесе, асқынып барып қазаға ұшыратуы мүмкін. Осындайда сізге көмекке келетін балдың құрамындағы дәрумендер тобы.
Бал – жас балалар үшін де аса қажет тағамдардың бірі. Өйткені сәбидің сүйегі бос, шеміршектің аз ғана алдында болады. Мұндай сүйекті қатайтып өсіруге бал құрамындағы темірдің үлкен маңызы бар. Енді қалыптаса бастаған сәбидің кез келген мүшесі сырттан қабылдайтын ұсақ химиялық элементтеріне әркез мұқтаж екендігі даусыз. Соның көпшілігін қанағаттандыратын ара балы екенін ұмытпаған жөн.
Бал денедегі зат алмасуды үздіксіз жүргізіп реттеп отыратын химиялық элемент десек, олардың жұмысын жандандыруға, әлсірегенін демеп қатарға қосуға, бүлінгенін қайта қалпына келтіруге тікелей көмектесетін де осы бал. Бірақ оның қабылдау мөлшерін, қай мезгілде қандай әдіспен пайдаланудың сырын білсе ғана шынайы шипа боларын есте ұстау керек. Кейбір адамдар жас мөлшеріне қарамастан кәрілік белгілерін ерте сезіне бастайды. Бұл сол адамның денесіндегі калий мен магнийдің жетіспеуінен болатын құбылыс. Оның орнын толтыруға балдан басқа заттың құдіреті жете бермейді.
Балды жылы сүтпен ерітіп, ас алдында және жатар алдында ішсе тиімдірек болады. Сонда үлкен адамдар үшін 70 г, балалар үшін 40 г аспағаны жөн. Бал асқазанда қалдықсыз қорытылады. Қайсы элементті қайда апаратынын өздері табады. Оның әр 100 г 300 килокалория жылылық шығарады. Сондықтан да оны күнделікті тұтынған адамның дені сау, көңілі сергек келетіні тәжірибеден белгілі.
Шілде мен тамыз айларында өсімдік әбден жетіліп толады. Сол кездегі бал сапалық құрамы жағынан ең сапалысы болып саналады. Өйткені бұл мезгілде жаңбыр саябырлайды, балдың құрамындағы ылғал азаяды. Ылғалы аз балдың қасиеті де жоғары.
Халық емшілері мыңдаған жылдар бойы балмен асқазан-ішек жарасын, ауыздың уылуын, дене жарақатын емдеген. Шығыс медицинасы ерте кезден-ақ бал қосқан дәрілермен жүйке орталығын, оның талшықтарын, шырыш қабатты, қан тамырларын емдеп, жақсы нәтижеге жетіп отырған. Сонымен қабат бал ішкі бездер мен жүрек-қантамырларының жұмысын жақсартады. Тыныс алу жолдарын тазалауға, есту мүшелерінің қабынуына қарсы ем ретінде пайдаланылады. Оны шөлі қанбайтын адамдарға қолдануға болады. Осы орайда ескерте кететін нәрсе: бір қалыпта жеген балдың адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейтіндігі.
Бал құрамындағы аскорбин қышқылы мен каротин минералы адамның иммунитетін, кез келген микробқа қарсыласу қуатын арттырады. Аталған екі зат денеде қалыпты мөлшерде болса, көздің көру мүмкіндігі артады. Көздің қараңғыға тез үйренуіне ықпал жасайды. Адамның көзі миллионға жуық түсті ажыратып айқындай алса, ол минералдардың көмегі деп білу керек.
Өсу үстіндегі организмге фолий қышқылының қажеттілігін озық ғылым дәлелдеген. Ол қан құрамын жақсартуға, бауырды тазалауға қатысып, өзі бауырдан орын тебеді. Оны В дәрумені деп те атайды. Денеде осы дәрумен жетіспесе, қаназдық ауру пайда болады. Бұл қышқыл бал құрамында мол екендігі кейінгі кездері ғана белгілі болды.
«Бал – дәрумендер қоймасы», – деп бекер айтылмаған. Адам денесі өте күрделі қосылыс екендігі даусыз. Оның қалыпты жұмыс істеуі сырттан енетін көптеген дәрумендерге байланысты.
Балдың құрамындағы С, РР, К, Н, А, В дәрумендері адам денесін басқарып тұрған орталық жүйке жүйесіне қуат беріп, оның ырғағын нығайта түседі.
Балдың осыншама көп қасиеттеріне байланысты базардағы бағасы да жыл өткен сайын қымбаттай түсуде. Оның алуан түрлі себебі бар. Кей саудагерлер ақшаға қызығып, бірнеше түрлі қоспалардан бал жасап, алушыны алдауды да үйренді...
Бал қолайлы ыдыста сақталса, ұзаққа шыдайды. Дәрілік қасиетті де жоғалтпайды. Мұндай сапалы балды білудің де әдісі оңай. Ыдыстағы балға қасықты батырып көтерсең, жібек жіптей шұбатылады. Енді сол қасықты айналдырып жіберсең, әлгі шұбатылған бал бірінің үстіне бірі қабаттаса жиналып жатқан тәрізді белгілі мерзімге дейін қыртысы кетпей көрініп тұрады. Оның қоспасыз таза бал екеніне көз жеткізу үшін қайталап тексеріңіз. Әлгі бал жұққан қасықты ыдыс үстіне сәл ұстап тұрсаңыз, тағы да шұбатылып аға бастайды. Ол түскен жеріне бірден жайылып қатпарлана жиналып жатқандай көрінеді, қасықтағы жұғынды азайған сайын шұбырынды бал үзіліп-үзіліп жіңішкере бастайды. Қасықтан сыпырылып ағып, бірден жойылып кетеді. Оның қанттан жасалғанын осыдан байқайсыз. Нағыз бал қою шырынға ұқсайды. Оны ұядан ыдысқа құйған соң ауаның температурасы 20 градустан төмендесе болғаны, кристалға айналады. Мұндай қасиет балдың тазалығын, сапалығын көрсетеді. Ол неғұрлым тез кристалға айналса, солғұрлым оның құрамындағы судың аздығын білуге болады.
Кристалға айналған балды еріту оңай. Оны шыны ыдысқа салып, буға қою керек. Осы кезде есте болатын тағы бір жай: балдың температурасы 40 градустан аспауы керек. Асқан жағдайда дәрілік қасиеті жойылып ұшып кетуі мүмкін.
Балдың иісі де әртүрлі болады. Ол табиғи өсімдіктердің бір-біріне ұқсамайтындығында. Мәселен, Алтай тауы мен Алатаудың балының өздеріне лайық иістері болады. Оның аузы көпке дейін ашық тұрса, иісі ұшып кетеді. Хош иісін сақтау үшін аузын жауып қояды. Ұзаққа сақталған балдың құрамындағы судың көлемі 21 пайыздан аспағаны жөн. Ол 16–18 пайыз мөлшерінде болса тіпті жақсы. Су көрсетілген мөлшерден асып кетсе, өзі жылы жерде тұрса, ондай бал көпіршіктеніп бұзылады. Балдың көпіршіктенуі құрамындағы судың шектен тыс көптігінің белгісі. Әрине, алғашында оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Оны білу үшін химиялық қарындаштың көмегіне жүгініңіз. Ол үшін алақанға балды тамызып, оған химиялық қарындаш ұшын батырасыз. Осы кезде сия еріп жайыла бастаса, судың көптігі, ондай бал көпке шыдамайды. Таза бал сияны ерітпейді.
Кейбір саудагерлер балдың көлемін көбейту үшін ұн, крахмал қосады. Мұндай қосындылар балдың дәрілік қасиетін кемітіп, сапасын жояды. Қулықты білу үшін балдың белгілі бір мөлшерін бір ыдысқа құйып, үстіне су тамызса, бал ериді. Енді осыған 2–3 тамшы йод қосыңыз. Балда ұн, крахмал болса, ерітіндіңіздің түсі көгілдір болып өзгереді. Аталған заттар жоқ болса, түсі өзгеріссіз қалады.
* * *
Редакциядан: Көрдіңіз бе, адам денсаулығын емес, тек ақша табуды ғана ойлайтын алаяқ саудагерлердің қандай жалған балдар да жасап немесе көлемін түрлі заттармен көбейтіп, бізге сататынын. Бал сатып аларда осынау халық емшісінің ақыл-кеңесін естеріңізге сақтаңыз, ағайын.


10.10.2016 624
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA