11 декабря Воскресенье3:59
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Ораза-айт мейрамы 5 шілдеде басталады

Ораза-айт мейрамы 5 шілдеде басталады. 
Мүбәрак Рамазан айынан кейінгі Ораза-айт мейрамы шәууәл айының бірінші жұлдызында басталып, үш күнге созылады. 
 Фото: lenta.kazakh.ru
Мүбәрак Рамазан айынан кейінгі Ораза-айт мейрамы шәууәл айының бірінші жұлдызында басталып, үш күнге созылады. 
Бұл күні әрбір мұсылман туған-туыс, көрші-көлем, ағайындарын айт мерекесімен құттықтап, оған арнап жайылған халал дастарқаннан шат-шадыман қалыптарында дәм татысады. Құран оқып, бақилық болғандарға сауабын бағыштап, жас ұл-қыздары мен немере, шөберелеріне сыйлықтарын үлестіреді.
Біраздан бері хабарласпай, ренжісіп қалғандар бірін-бірі кешіріп, татуласу да – Ораза-айт мейрамына тән ізгі амал. Адамдар бұл күні сырқаттардың көңілін сұрап, мейрамымен құттықтап, бойларына рухани нәр құйса, нұр үстіне нұр жауады. Мерекеде көп айтылатын тілектер мен жауаптар мынандай: «Айт құтты болсын!», «Айтсын, жақсылығы бірге болсын!». Негізінде, Рамазан айтында мешітке баруды ниет еткендер үйлерінен шығарда жуынып, шайынып, тәтті жемістерді жеп (жент, құрма, кәмпит, халва), үстеріне хош иісті жұпар себінеді. Құлшылық үйі жақын болса, оған жаяу барады. Бұлай жасаса, игі қадамы сауап дәптеріне жазылады, дейді дін дағуатшылары.
Мейрамда шақырылсын, шақырылмасын, үйге Ораза-айтпен құттықтап келген кісі төрге шығарылады, мейрам дастарқанынан дәм татып, аттанады. Денесіндегі шайтан жүретін жолдардың бәрі бекітіліп, Аллаһ Тағаланың ақ жолына түскен, тақуалық пен шариатты ұстанған мүміндерге жақсы мәлім, мұсылмандардың мүбәрак айындағы Ораза айтта Жаратқанның құдіретімен күн найза бойы көтерілісімен мешітте екі рәкағат айт намазының басталатыны. Ислам діні дағуатшыларының бізге берген дәрісіне арқа сүйесек, шарапатты да мағрифатты дін ғылымына зер салсақ, Ораза-айт намазы жәмиғаттың жылына бір рет жиналып, оқитын Аллаһ Тағаланың аса зор мейірімімен Мұхаммед Пайғамбардың (сала Аллаһу әлейһи уә сәллам) үмбеттеріне ілтипат етіп берген биік нығметі. Сондықтан да Ораза-айт намазына жыйналғандар бірін-бірі осы зор нығметке ие болғанымен қуана құттықтап, Аллаһ Тағалаға құлшылықтарында Рамазан айында өздеріне ораза тұтуды, Лайлатул-қадр түнін көруді, Ораза-айт мейрамын тойлауды нәсіп еткені үшін оған алғыс пен мадақтар айтады. Осы орайда біз жұма намазы парыз болған адамдарға айт намазын оқудың уәжіп екенін естен шығармай, мұны бұлжытпай атқаруымыз қажет. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (салла Аллаһу алейһи уә сәллам) пен әділ Халифалар, шарапатты сахабалар ешқашанда айт намазынан қалмаған. Соңы мүбәрәк мейрамға ұласатын айт намаздары – мұсылман ер адамдар мен мұсылман әйел адамдар үшін өте жоғары дәрежедегі имандылық нұры төгілген маңызды ғибадат. Негізінен жұма намазының шарты айт намазына да тән. Мұнда айт намазынан кейін хұтпа оқу – сүннет. Ал енді Ораза айтта намазға ниет еткендер: «ниет еттім Аллаһ Тағала ризашылығы үшін Ораза айттың намазын өтеуге, ұйымдым осы имамға. Халиса ниллиллаһи тағала Аллаһу акбар» – деп құлақ қағады, намазды имам дауыстап оқып, оған жәмиғат жан-тәнімен Жаратқан деген махаббатпен ұйыйды.
Егер де отыз күн ұстаған кезінде Фітір (пітір) садақасын бере алмағандар болса, олар оны Ораза-айты намазына дейін берулеріне болады. Тағы да қайталап айтамыз қалыптасқан ізгі бір дәстүр: Ораза-айт намазына жыйналғандар бірін-бірі осынау нығметке ие болғанымен құттықтап, Рамазан айында Ораза тұту, Лайлату қадр түнін көру, Ораза-айт мейрамын тойлау бақытына ие болғандықтары үшін Аллаһ Тағала шексіз алғыстары мен мадақтауларын айтады.
Рамазан айты намазынан кейін мұсылмандар үй ішімен қыдырып, көңілді дем алатын салауатты мәдени орындарға, қонаққа барады. Тек есте болатын жағдай: айт дастарқанында спиртті ішімдіктер болмауға тиісті. Ислам шариғатты тіршілікте, мұсылмандар мерекесінде арақ-шарап ішуге қатаң тиым салады. Айт күндері ғайбат сөйлеу, өтірік-өсек айту, жазықсыз жала жабу, біреуді күндеу, қарғау, қиянат жасау – ауыр күнә. Егерде айт дастарқанына арақ-шарап қоюға болмайтынын білмейтін адамдар болса оларды діннен, шариғаттан хабардар басқа бауырларының алдын-ала сақтандырғаны абзал. Себебі айт дастарқанына спиртті ішімдіктерді, халал емес тағамдарды қою мерекенің қадір-қасиетін мансұқ ету, шариғатта жоқ шатасу. Негізінен Ораза-айтта әр мұсылманның үйінде бауырсақ, шелпек нан пісіріліп, олар дастарханға тәтті жеміс-жидек, дәмді тағамдар мен бірге қойылады. Мереке күні кез-келген мұсылман шақырылмаған меймандарға дейін қабақ шытпай қарсы алып, айт дастарқанына шақыруға міндетті. Айт күндері мұсылмандар еліндегі газет-журналдар мереке рухына сай көркем безендіріліп, мерекені ұлықтаған мазмұнды материалдармен шығып, оқырмандарды шуақты сезімге бөлейді. Жалпы, Ораза-айт, Құрбан-айт күндерінің бәрі де мұсылмандар елінде демалыс деп жарияланған.

Ораза-айт намазы
1. Айт намазының үкімі
Жұма намазы парыз болған кісілерге айт намазын оқу – уәжіп. Хасан (р. а.) Әбі Ханифаның (р. а.) мына сөзін келтіреді: «Шынында, жұма намазы парыз болғандарға айт намазын оқу уәжіп».
Анастан (р. а.) риуаят етілген мына хадис екі ракат намаз оқуға негіз болады. Абу Дауд Анас ибн Маликтен (р. а.) риуаят етеді: «Расулуллаһ (с. ғ. с.) Мәдинеге келгенде қаладағы тұрғындардың ойнап-күлетін екі мейрамы болатын. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.): бұл қандай екі күн? – деп сұрады. Олар: Ия, Расулуллаһ (с. ғ. с), бұл біздің жәһилиет заманындағы ойнап-күлетін мейрамдарымыз еді, – деп жауап берді. Содан кейін Пайғамбарымыз (с. ғ. с.); Шынында да Аллаһ Тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, ол Ораза-айт және Құрбан-айт», – деді. Жұма намазындай айт намазының да шарттары бар. Айт намазында хұтпа оқу шарт емес, бірақ оқиды. Хұтпаны айт намаздың алдында емес, намаздан кейін оқиды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) кезінде, Хулача Рашидин (р. а.) заманында хұтпаны айт намаздан кейін оқитын. Хұтпаның айт намаздан кейін оқылуына дәлел:
Маруан (р. а.) айт намаздың алдында хұтпа оқиды. Сонда жамағаттың арасынан бір кісі тұрып: «Әй, Маруан, сен мінбеге шығып хұтпа оқыдың, ал Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) айт намаздың алдында хұтпа оқымайтын. Ол хұтпаны айт намаздан кейін оқитын», – деді. Сонда Маруан: «Ия, бұл іс қалған», – деп мойындады.

2. Айт намазының уақыты
Шариғат үкімі бойынша күн найза бойы көтерілгенде (3 метр). Жундуб (р. а.) мына хадисті риуаят етеді:
«Біз Пайғамбарымызбен (с. ғ. с.) бірге Ораза-айт намазын күн екі найза бойындай болғанда оқыдық, ал Құрбан-айт намазы күн бір найза бойы көтерілгенде оқыдық», – деді.
Құрбан-айт намазына тездетіп баруды, ал Ораза-айт намазына сәл кешігіп баруды ғалымдар мұстаһаб санайды. Құрбан-айт намазын сәл ертерек, ал Ораза-айт намазын біршама кешірек оқу абзал.

3. Айт намазының сипаты
Айт намазы екі ракат. Ол хұтпаның алдында, азан-қаматсыз оқылады. Айт намазы екі ракат. Ол хұтпаның алдында, азан-қаматсыз оқылады. Айт намаздары азансыз және қаматсыз оқылады, себебі ол Пайғамбарымыздан (с. ғ. с.) қазірге дейін келе жатқан жол.
Жәбір иб Самура (р. а.) айтады: «Мен Расулуллаһпен (с. ғ. с.) бірге айт намазын бірнеше рет азансыз және қаматсыз оқыдым».
Бірақ муаззин (азаншы) елді дайындыққа шақырып «Ассалату жамиға» десе болады. Имам ниетті екі ракатқа жасайды. Бірінші тәкбиратулифтитах айтылады. Содан кейін сана оқылады және санадан кейін 3 рет «Аллоһу акбар» деп құлақ қағылады, содан кейін «Фатиха» сүресі мен бір қысқа сүре дауыстап оқылады. Екінші ракатта «Фатиха» сүресіне бір сүре қосып оқылады, содан кейін үш рет «Аллоһу акбар» деп құлақ қағылады. Ибн Масъудтан (р. а.) риуаят етілген. «Аллоһу акбар» дегенде қол көтеру керек және тәкбірлердің арасында үш тасбих мөлшеріндей үзіліс жасалады. «Аллоһу акбар» деп қол көтерілгеннен кейін қолды төмен түсіреді, бірақ қолды байламайды.

4. Айт намазындағы 2 хұтпа
Айт намазында екі хұтпа оқылады және оның арасында жұма намазындағыдай отырады. Бірінші хұтпаның басында «Аллоһу акбар» деп 9 рет, ал екінші хұтпаның басында 7 рет айту – мұстаһаб (тәкбірдің көбейгені абзал).

5. Айтта оқылмайтын намаз
Айт намазының алдында немесе соңында сүннет намаздары оқылмайды. Бухари мен Муслим және иб Аббастан (р. а.) төмендегі хадисті риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) пітір күні шықты», ал басқа риуаятта: «Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) айт күні шығып екі ракат айт намазын оқыды, оның алдында немесе соңынан ешқандай намаз оқымады», – дейді.

6. Айтта тәкбір айту
Айт күндері тәкбір айту уәжіп. Өйткені Аллаһ Тағала қасиетті Құранда айтқан:
«Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкіршілік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар». («Бақара» сүрсесі, 185 аят). Тәкбірдің уақыты айт күні таңертеңнен басталады немесе үйден шығып мешітке бара жатқанда айту сүннәт болады және оның уақыты айт намазы аяқталғанша жалғасады. Тәкбір былай айтылады: «Аллоһу акбар» (3 рет), «Ләилләһа иллаллоһу» (1 рет), «уалиоһу акбар, Аллаһу акбар ау лилләһил хамду».

Айт күндерінің әдебі
1. Көп зікір айту.
2. Жалпы сауапты істерді жасау.
3. Ғұсыл құйыну.
4. Әтір себіну.
5. Жақсы және таза киім кию.
6. Ораза-айт күні таңертең намазға дейін тамақ ішу сүннет, ал Құрбан-айт күні намазға дейін ас ішілмейді.
7. Айт намазына дейінгі түнде Аллаһқа көп ғибадат ету, дұға жасау, зікір айту өте сауапты іс.
8. Намазға бара жатқанда бір көшемен барып, қайтарда басқа жолмен қайту сүннет.
9. Мешітке айт намазға әйелдер мен балаларды да қатыстыру.
10. Бір-біріне зиярат ету, мейраммен құттықтау, әсіресе туыстарын.
Ораза-айт мейрамы – Идал фитр (ал-ид ассағир – арабша, рамазан-байрам – татарша, шекер-байрам – түрікше). Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына арналған мереке. «Қазақ тіліндегі «айт» сөзі араб тілінің «иғид» деген сөзінен алынып, «мерекелеу», «бірін-бірі мерекемен құттықтау» деген мағынада қолданылатын сөз. Бұл сөздің іс-әрекетті білдіретін терминінің «Хал сұрасу», «бірін-бірі қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналары да бар. Демек, «айт» сөзінен «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деген мағына туындайды. Сондықтан айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына арналған мереке», – дейді тіл мамандары. Келе жатқан Ораза-айт құтты болсын, бауырлар!


04.07.2016 1564
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA